SHYMKENT QALASY ÁL-FARABI AÝDANY ÁKIMI APPARATYNYŃ RESMI INTERNET-RESÝRSY

Чернобыль ардагерлері бас қосты

 

    Әл-Фараби ауданы әкімі аппаратының және «Чернобыль апатын жоюға қатысқандар» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен аудан аумағында орналасқан «Чернобыль аллеясында» 26 сәуір - Чернобыль АЭС-тегі апаттың зардаптарын жоюға қатысушыларды еске алу іс-шарасы өтті.

Іс-шарада алғашқы болып сөз алған аудан әкімі Ғ.П.Мауленқұлов Чернобыль АЭС-тегі апатқа 33 жыл толуына орай, апат салдарын жоюға қатысқан мыңдаған біздің отандастарымыздың ерлігі мен жігері, батырлықтары үшін шынайы ризашылығын білдіріп, өз өмірі мен денсаулығына қауіп төндіре отырып, адамдарды зиянды әсерден және радиацияның одан әрі таралуынан қорғаған азаматтарға мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тіледі.

Атап айтқанда 1986 жылдың 26 сәуірінде Чернобыль атом электр станциясының төртінші блогында жарылыс болып, радиациясы көрші мемлекеттерге жетті. Оның салдарынан көптеген  адам қаза тапты. Аталған апат бойынша Қазақстаннан күресуге 31743 сарбаз аттанған болатын. Ендеше Чернобыль апатына елімізден аттанған ерлігі өшпес жауынгерлерді бір минут  үнсіздікпен еске алып, Ер есімі-ел есінде атты Чернобыль ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Іс-шара барысында «Чернобыль апатын жоюға қатысқан» ардагерлерінің құрметіне дастархан жайылып, Құран бағышталды.

 

 

 

 

Copyright © 2019 Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы әкімі ресми интернет ресурсы